Бәсе...

НҰРТІЛЕУДЕН АЛАШ ЖҰРТЫНА АЛҒЫС ХАТ

 

Осыдан бірнеше күн бұрын Abai.kz ақпараттық порталы «Нұртілеуден Амандық Баталовқа ашық хат» (http://abai.kz/post/view?id=7095) атты (бір жасқа толмаған сәбидің атынан жазылған үшбу хатты) материал жариялаған еді. Алматы облысы, Талғар ауданы, Кеңдала ауылында біреудің сыз үйінде пәтер жалдап тұратын, сегіз ұлы бар отбасының мүшкіл жағдайы жазылған осы хат қоғамды дүр сілкіндірді.  

Abai.kz жариялаған аталмыш хатқа еліміздегі бірқатар ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушылары үн қосып, интернет бетінде осы отбасының жайы біраз талқыға түсті. Сол-ақ екен Нұртілеудің отбасына көмек қолын созғысы келетін азаматтар көптеп табылып, Нұртілеудің отбасы үйлі болды.     

Енді міне, бір жасар Нұртілеуіміз ел азаматтарына алғыс айтып, тағы да хат жолдапты.  Осы отбасының үйлі болуына Abai.kz ақпараттық порталы азды-көпті ықпал еткен соң, дәстүр бойынша сәби Нұртілеудің бір сөзін де өзгертпей, оның Алаш жұртына алғыс хатын жариялап отырмыз.

Abai.kz  ақпараттық порталы


ЕЛ АЗАМАТТАРЫНА АЛҒЫС ХАТ

Құрметті қазақ халқының жанашыр азаматтары, құрметті Амандық ата! Менің, менің отбасымның Сіздерге деген ризашылығын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қатты қуаныштымыз! Өйткені, Сіздердің арқаңызда үйлі болдық. Үйдің кілті, құжаты, міне, қолымызда.

Өткенде Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа осы Abai.kz ақпараттық порталы арқылы үшбу хат жолдаған едім. Сол хатым өзге де ақпараттық сайттарда жарияланып, бірнеше күн әлеуметтік желілерде талқыланды. Менің сәби жүрегімді жарып шыққан жанайқайым біраз жұрттың жанашырлық сезімін оятса керек. Бір-ақ күнде біздің өміріміз өзгеріп сала берді.

Анамның жанарындағы жас қуаныштан төгілді. Әкемнің қабағындағы мұң әп cәтте сейілді. Бауырларым әне, қолдарына Аbai.kz сайтында жарияланған мақаланы қағазға шығарып алып, "біз ел-жұрттың арқасында үйлі болатын болдық" деп асыр-салып ойнап жүр.

Бізді танитын таныстарымыз, туыстарымыз, көршілеріміз, бәрі-бәрі Сіздерге, ел азаматтарына, Амандық атаға алғыстарын жаудыруда.

Шынымды айтайын, мен түс көріп жатқан сияқтымын. «Бұл оқиғалар өңімде болып жатыр» дегенге әлі сене алар емеспін. Менің, менің отбасымның «өз үйі, өлең төсегі» бар енді. Сыз еден, сызданған қабырға, көк иістен біржола құтылатын болдық.

Әкем жалға алатын пәтер іздеп талай есікті тоздырып еді. Пәтерден пәтер ауыстырып жүріп, біз не көрмедік?. Кімнің жәбір сөзін естімедік?. Оның бәрі артта қалды. Ұмытылады, әлі-ақ!

Құрметті оқырман қауым! Мен Сіздерге Өзіміздің үйіміздің суретін көрсетіп мақтанайыншы. Міне, біздің үй. Сіздердің бізге сыйлаған үйлеріңіз... Бірақ, бұл үйдің бұрынғы егелері әлі көшіп үлгермей жатыр. Үйдің ішіндегі жиһаздар сол кісілердікі.

Әдемі, иә! Енді әке-шешем көмір жағып әуре болмайды. Асханамыз да – кең. Үш жатын бөлмеміз бар. Қонақ бөлмеміз – ат шаптырым. Думан ағам енді мәшинесімен аяқ-қолымды басып кетпейді. Қайсар ағам сабағына кең бөлмеде отырып дайындалатын болады. Мектебіміз үйге тиіп тұр. Мұндай үйде тұрған бала өзін «бақыттымын» деуге толық құқылы. Мен бақыттымын, біз бақыттымыз!

Әкем айтады: "Бізге қол ұшын созған азаматтардың жақсылығы Құдайдан қайтсын» деп...

Білесіз, біз шаңырақта – сегіз ұлмыз. Әлеуметтік желілерде «жағдайы жоқ бола тұра, мұнша баланы неге таба берген?» дегендер де болды. Анамның арманы – қызды болу. Ол кісі ылғи да: «Қызым болса, сендер ана сыйлауды, жар сыйлауды үйренер едіңдер» деп отырады. Демек, бізге қарындас керек. Ол қарындасым Құдай қаласа, даңғарадай үйде өмір есігін ашатын болады. 

Ал, енді менің бауырларымның Сіздерге деген алғысын қабыл алыңыздар...

Үйдің іші қазір дәл осындай Алғыс хаттарға толып кетті.

Мұның бәрі қуаныштан болып жатқанын түсінгейсіз.

Осы хатты оқып отырған әр азаматқа алғысым шексіз. Менің жанайқайымды бүкіл Қазақстанға таратқан Abai.kz ақпараттық порталына, сонымен қатар осы тақырыпты іліп әкеткен бүкіл қазақ сайттарына – ризамыз. Біздің жайымызға алаңдап, үн қосқан әр қазаққа «жасаған жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын» дегім келеді. Тіпті кейбір азаматтар «жеке шот ашыңдар, көмек ретінде ақша аударайық» деді. Оған әкем мен анам қарсы болды. «Біздің Атымтай жомарт азаматтар сыйлаған үйіміз бар, үйі бар адам ешкімге қол жаймауға тиіс» дейді олар. Ата-анамның бұл ойы дұрыс емес пе?!

Кеше әкем мен анам үйдің құжаттарын әкеп: «Бұл үйдің иесі – сенсің» деді. Құжаттарды тексеріп көрдім. Бәрі дұрыс екен.

Міне, құжаттарды түгендеп жатырмын.

Құрметті оқырман, Сіздерге айтатын сөзім өте көп... Бірақ, сол сөздің бәрін тізсем де, менің шаттанған көңілімнің пернесін дәл баса алатын емес. «Ауызбен айтып жеткізе алмайтын қуаныш болады» дейді ғой үлкендер. Біздің қуанышымыз – дәл сондай қуаныш.

Әр қазақтың үйінде осындай шат күндер мол болсын!

Бай, қуатты болайық!

Сәлемнен, бір жасқа толмаған Нұртілеу балаларыңыз...

P.S. Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы Талғар қаласына барып, Нұртілеудің тілегін орындаған кәсіпкерлер мен атымтай жомарт азаматтарға алғысын айтты. Сондай-ақ, Нұртілеудің хатты қатты әсер еткенін, сол үшін де осы бір қуанышты бөлісу үшін келгенін тілге тиек етті.  

Abai.kz

6952 рет оқылды Қосылған: 16.03.16



© 2017 «Abai.kz»